Сүйінші! Сүйінші! Сүйінші!

suyinӨскемен қаласы күніне орай белгіленген тұңғыш марапат мереке қарсаңында бірқатар азаматтарға құрметпен табыс етілді. Шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерен үлес қосқан тұлғалардың қатарында Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ақжігітова Хабиба Мырзаханқызы да бар.
Өткенге сөз жіберсек, Хабиба Мырзаханқызы Пушкин атындағы облыстық кітапхананың басшысы болып қызмет еткен жылдары кітап ордасы еліміздегі ең озық кітапхана болып танылды. Көп жетістіктерінің бірегейі, 2016 жылы Америкада өткен ИФЛА-ның бүкіләлемдік кітапханалық және ақпараттық конгрессіне қатысып, IT киіз үймен шетелдіктерді таңқалдырып, бас жүлдеге ие болған тұңғыш қазақстандық кітапхана болды. Бұл тікелей Хабиба Мырзаханқызының талмай ізденген еңбегінің өтеуі деуге болады. Әрине, санамалай берсек мұндай жетістіктері толайым.
Осылайша облыстық кітапхананың мәртебесін көтерген білікті басшы бірнеше жыл бұрын Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне директор болып тағайындалды. Іскерлігі мен ізденісінің, ұжымды ұйымдастыра білуінің нәтижесінде небәрі екі жылдай ғана уақыт ішінде кітапхана мүлдем жаңаша келбетке, заманауи мазмұн мен ұлттық сипатқа ие болды. Өйткені, Хабиба Мырзаханқызы әр күні бір жақсы жаңалық ашып, ұжымға шабыт пен жігер сыйлайтын жаңашыл, білімді, әрі талапшыл басшы.
Қызметкерді "кабинетіне" шақырмайтын, керісінше қызметкердің "кабинетіне" өзі іздеп баратын кішіпейіл, қарапайым басшы. Ұжымдағы әр қызметкермен құрбысындай ақылдасып, ой-пікір бөлісуден, ақыл-кеңес беруден шаршамайтын Ұстаз басшы.
«Қазақ атымызға сын келмесінші", «Оралханның кітапханасы» деген атауға кір келтірмейікші» деп әрқашанда ұжымның намысын қайрап, рухтандыратын ұлтшыл жан Хабиба Мырзаханқызы қандай марапатқа болса да лайық адам!
Осындай басшылар көп болса, өзгелерге үлгі болса, шіркін дейміз...
Хабиба Мырзаханқызы! Қуанышыңызбен құттықтай отырып, қазақ руханиятын дамытуға қосар жақсылығыңыз болашақта берекелі болсын деп тілейміз!
Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы.