


ШҚО-да өз саласында жемісті жұмыс істеп жүрген нәзік жандар жайлы
Шуақты көктеммен қатар ардақты аналар мен аяулы арулардың мерекесі де келіп жетті. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді» тербеткен нәзік жандар қандай да болсын құрмет пен қошеметке әбден лайық. Осы мақалада сіздерді еңбектің жалауын жықпай жүрген шығысқазақстандық әйелдермен таныстыруды жөн көрдік.
Ауырды да көтереді, суыққа да төзеді
Өзінің еңбекқорлығымен өзгеге үлгі болып жүргендердің бірі – Самар ауданында тұратын Қарлығаш Сұлтанбекқызы. Ол «Дигам» ЖШС балық етін өндіру кешенінде ұзақ жыл тер төгіп жүр.
- 2005 жылдан бері осында жұмыс істеп келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Табысымыз да жаман емес. Жұмыс болған жерде өзіндік қиындығы да қатар жүреді ғой. Балық өнімдерін тазалау – оңай шаруа емес. Оның иісі бар дегендей. Бірақ қазір үйреніп кеттім. Алғашында әзер шыдадым. Қазір күніне 3-4 тонна балық тазалаймыз. Таңның атысынан күннің батысына дейін осындамыз. Мұнда 100-ге жуық жұмысшы бар. Екі ауысыммен істейміз. Ұжымымыз өте берекелі, - дейді Қарлығаш Сұлтанбекқызы.
Қолдан келген жұмысын ешқашан «анау ердікі, мынау әйелдікі» деп бөлмеген. Ауырды да көтереді, суыққа да төзеді. - Қандай жұмыс істесеңіз де, ең бірінші, табандылық керек деп ойлаймын. Сонда ғана нәтиже шығады. Жұмыстың өнімділігі артады, – дейді ол.
Талайға көмегін тигізген психолог
Өскемендік Оксана Петрова ШҚО ТЖД-ның жедел-құтқару жасағының психологы. Осы салада жүргеніне 12 жылдан асқан. Сол уақыт ішінде азаматтарға психологиялық көмек көрсету үшін 200-ден астам оқиғаға қатысқан.
- Қызығынан қиындығы басым бұл салаға алғашында өзімді сынау үшін келдім. Содан соң адамдарға көмектесіп, пайдаңды тигізген қатты ұнап, басқа жұмысқа ауысу жайлы еш ойламайтын болдым. Тәжірибелі құтқарушылардан көп дүние үйрендім, альпинизмді де меңгердім, түрлі сынақтардан өттім. Әлі күнге дейін үнемі ізденісте жүріп, өзімді дамытуға тырысамын. Әр жағдай әртүрлі болғандықтан, күндеріміз бір-біріне ұқсамайды. Кей кезде өзіме баға беріп, іс-әрекетімді түзетіп отырамын, - дейді ол.
«Есіңізде қалған ерекше оқиғалар бар ма?» деп сұрақ қойғанымызда кейіпкеріміз ойға шомып кетті. Сәлден соң «Көп қой. Соның бірін айтып берейін» деді. - Бір жас жігіт 9-қабаттан секірмек болды. Оқиға орнына келіп жеттім. Барлық жедел қызмет, атап айтқанда полиция, жедел жәрдем, өрт сөндірушілер түгел сонда екен. Баспалдақпен жоғары көтерілдім. Ер адам подъездегі терезеден аяғын төмен түсіріп, секіремін деп қорқытып тұр. Онымен сөйлесуге тырысқанымда маған «Кет!» деп айқайлады. Артқа шегініп, сәл күттім. Біртіндеп әңгімеге тартып, сәйлесе бастадым. Ерні кеуіп шөлдегенін байқап су ұсындым. Содан соң ол терезеден түсіп, су ішті. Іштей қатты уайымдап тұрсам да байқатпауға тырыстым. Сөз арасында ақырындап жанына келіп отырдым. Жігіт маған қарай бұрылған кезде құтқарушылар шатырдан төмен түсіп келе жатқанын байқадым. Әріптестер жылдам қимылдап, оны қауіпсіз жерге итеріп жіберді. Адам екі ойлы болып тұрғанда, оның жанында болу және осы өмірде қалғысы келетіндей маңызды себеп таба білу қажет, - дейді Оксана Петрова.
2021 жылы Риддерде ауқымды өрт болған кезде ол дәрігерлермен бірге сол жерге аттанған. Ақ халаттылар зардап шеккендерге медициналық, ал Оксана психологиялық көмек көрсеткен. Себебі үйінен айырылған немесе жақыны жарақат алған жандарға қолдау ауадай қажет. - Балалармен жұмыс істеген кезде ата-аналарға да көп көңіл бөлінеді. Біз балаларға жан-жақты түсіндіріп, қолдау көрсетеміз, бірақ оның санасы көп дүниені анасы мен әкесі арқылы ғана қабылдайды. Тағы бір түсінгенім, жұмыс пен жеке өмірді ешқашан араластырмау керек. Үйде сен ана, жар болсаң, жұмыста кәсіпқой мамансың. Егер жұмыстан шыққанда барлық негативті өзіңмен бірге алып жүрсең, онда жеке өмірің бұзылады. Сол үшін өз назарыңды басқаға аударып, жұмысты ұмыту керек. Мен ән айтқанды, гүл өсіргенді жақсы көремін. Әр жаңа гүл мен үшін үлкен қуаныш. Үйде 70-ке жуық гүлім бар, - дейді психолог.
Отыз жылын оқырманға арнады
Өскемендегі руханият ошағында еңбек етіп жүрген Айгүл Ахметжанова Зайсан ауданы Жарсу ауылында дүниеге келген.
- Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жұмыс істеп келе жатқаныма 30 жылға жуықтады. Кітапхана – рухани азық іздегендер жиналатын шаңырақ қой. Кезінде кітапхананың қазақ бөлімінде қызмет еткенімде интернет деген мүлде болмаған. Қазақ тіліндегі кітаптар та жоқтың қасы еді. Сонда ақпарат іздеп келген оқырманды құр қайтармас үшін бірлесіп кітап қорын, мерзімді басылымдарды ақтара отырып көптеген ақпаратқа қанық болатынбыз. Әртүрлі тақырыптағы шараларға дайындалу барысында да өзіме талай жаңалық аштым, - дейді кітапхана директорының орынбасары.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта кітапхана басқа деңгейге аяқ басты. Әсіресе балаларға, жастарға арналған түрлі жобалар іске асырылуда. - Кітап өз құндылығын ешқашан жоғалтпайды. Бүгінгілер бұрынғы аға буын сияқты кітапты жастана оқымаса да, арасында кітапқұмар жастар да бар. Бізде электронды кітаптардың түр-түрі кездеседі. Оларды кітапханаға келмей-ақ, гаджеттер арқылы қалаған жерде оқуға болады. Жастар көбінесе комикстерді, қиял-ғажайып туындыларды, психологиялық бағыттағы кітаптарды оқиды. Кім біледі, уақыт өте келе олар да классикалық шығармаларды оқи бастар. Тәжірибе көрсеткендей, жаңа технологиялармен жабдықталған, тиісті жағдай жасалған кітапханаларға оқушылар да, студенттер де келгісі келеді. Мәселен, біздегі «VR-студия», «IT-ARU mektebi», «Жас IT маманы» сияқты жаңашыл жобаларды іске асыру барысында келушілердің саны әлдеқайда артты. Балалар кітапханада емін-еркін робот құрап, модельдеу, 3D үлгісінде заманауи және ұлттық киімдер жасаумен айналысады, 3D принтердің көмегімен түрлі сувенирлер жасайды, оқыған кітаптарының желісімен немесе өздерінің қиялымен мультстудиямызға барып, мультфильмдер шығара алады. Сондықтан «балалар кітап оқымайды, кітапханаға мүлде келмейді» деп отыра бермеу керек, - дейді Айгүл Ахметжанова.
Өз сөзінде ол XXI ғасырдағы кітапханалар архитектуралық дизайнмен жасалып, арнайы жабдықтармен жабдықталып, оқырманға барынша қолайлы болуы тиістігін жеткізді. - Енді заманауи кітапхана жұмысы жаңа технология, ақпараттық сандық база, мобильді қосымшаларды пайдаланумен тығыз байланысты болмақ. Тіпті бірер жылда жасанды интеллекттің деректер қорымен жұмыс істеуіміз мүмкін. Ал кітапханашылар цифрлық технологиялармен жұмыс істей білуі үшін кәсіби білімін үнемі жетілдіріп отыруы қажет. Себебі ескі сарынмен жүретін болсақ, қазіргі оқырманның сұранысын қанағаттандыра алмай қаламыз, - дейді тәжірибелі маман.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Бүгін Зырян ауданы мектептерінің кітапхана қызметкерлерін құшақ жая қарсы алдық….

Халқымыздың салт-дәстүріне қайта оралғанына 35 жыл болған Ұлыстың Ұлы Күні…

ШҚО-да өз саласында жемісті жұмыс істеп жүрген нәзік жандар жайлы…

Бүгін білімге құмар ұл-қыздарымызға қуаныш сыйлаған керемет күн болды. Жас…