Конференцияға шақыру

Орталық Қалалық

Оралхан Бөкей атындағы кітапхана

ЖЕҢІМПАЗ ЖАС ДОСТАРДЫ МАРАПАТТАДЫҚ!

Бүгін білімге құмар ұл-қыздарымызға қуаныш сыйлаған керемет күн болды. Жас Достардың жайдарман күлкісінен кітапханамыздың іші шуақты көңіл күйге бөленгендей. Зайсан өлкесінде өмірге келген балалар жазушысы, публицист Марат Қабанбайдың 75 жылдығына орай жарты жылға жалғасқан облыстық шығармашылық байқауының қорытындысын шығарып, марапаттау салтанатын өткіздік. Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Оралхан Бөкей атындағы орталық кітапхана бірлесіп өткізген шараға әр өңір оқушыларынан 128 шығармашылық түсті. Басты шарт: заманауи технологияны пайдалану арқылы жазушы шығармашылығы бойынша бейнеролик, анимация, комикс, сөзжұмбақ, интерактивті онлайн-ойындар, иллюстрация жасау. Қазылар алқасы жұмыстарды бағалау барысында әдеттегідей әрқайсысына 1,2,3 орын белгілеген жоқ. Бұл жолы талапты балаларды қанаттандыру үшін жоғары деңгейде орындалған 83 шығармашылық жұмыс авторларының барлығын жеңімпаз деп жариялады. Үздіктер Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Дипломы, Алғыс хаттары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Дауылпаз дарын Марат Қабанбайдың 22 наурыз - туған күні қарсаңында жазушыны жас достар осылай дәріптеді. Айтпақшы, құттықтау салтанатында әуезді әндері, әдемі билерімен құрбы - құрдастарының көңіл күйін көркемдеген Шоқан Уәлиханов атындағы № 3 орта мектептің өнерпаз дарындарына дән-риза көңілмен алғыс айтамыз!