Бүгін кітапханамызда Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай республикалық конференция басталды.

«Кітапхана – ХХІ ғасырдағы сауаттылық түрлерін қозғаушы күш» деп аталған кітапханашылар конференциясы ертеңге дейін созылады. Шараның мақсаты – Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметіне заманауи технология түрлерін енгізу бағытында жүзеге асырылған жаңашыл жобалардың жетістіктерін бөлісу. Жиынға Абай, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының кітапхана мамандары, Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Қасенов пен Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит қатысты.
Конференция басында сөз алған жазушылар Әлібек Асқар мен Әлібек Қаңтарбай Оралхан Бөкей жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның мол мұрасының маңыздылығы жайлы ой қозғады. Содан соң «Оралхан Бөкей – сандық үлгіде» тақырыбымен жазушы мұрасы топтастырылған сайтымыз таныстырылды. Сондай-ақ АҚШ-тың Остин қаласындағы Техас университетінің кітапхана ісі жөніндегі профессоры Дэвид Ланкесстің бейнебаяндамасы көптің көңілінен шықты. Түстен кейін жиналғандарға «VR КИІЗ ҮЙ», сандық үлгідегі дизайнды үйрететін «IT – arular mektebi» сынды жобалар, қазақ тілінде ауызекі сөйлеуді үйрететін Кел, сөйлесейік!» клубы, жеті атаны білуге насихаттайтын «АтаТек» бағдарламасы, «Оюлар сөйлейді...» көрмесі мен «Тақия - Той» байқауы таныстырылды. Конференцияның алғашқы күні «Қазақстан кітапханаларының келешегі және болашақ кітапханалары» атты дөңгелек үстел форматындағы талқылаумен аяқталды.