ШАРХАН ҚАЗЫҒҰЛ САНАМЫЗДЫ СЕРПІЛТТІ!

Бүгін кітапханамызда білімі Ертіс өзеніндей шалқар жазушы Шархан Қазығұлмен жүздесу өткізіп, «Күлпет» атты жаңа кітабын таныстырдық. Қаламгердің шығармашылығы туралы «Өмірдің мәнін іздеген...» атты көрме де ұсындық. «Қарапайымдылықты жақсы көремін», - деген Шархан Нағметұлы кездесу бастала сала ашық-жарқын қасиетімен көпшілікті тәнті етті. «Меценат» сыйлығына ие болған «Күлпет» кітабы туралы жүргізушінің әр сауалына әдемі әзіл, әсерлі ойлармен жауап беріп, көпшілікті бірде күлдірді, бірде сүйіндірді. «Күлпет» романымдағы басты кейіпкер Абужан пен Туған жер арасындағы тартылыс күшін үш ұрпақ сабақтастығы арқылы жеткіздім. Бұл - ұрпағымыз жаһандану кезеңінде жұтылып кетпесін деген ниетпен жазылған шығарма», - дейді жазушы. Жиналған қауым сырлы сұқбатты ерекше ыждаһатпен тыңдады. Ұлт болашағы үшін көңілі алаң қаламгердің жандүние парасатына риза болғандары сонша, дүркін-дүркін қол шапалақтап, «алақандарын ауыртты». Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар: «Рухани көңіл күйіміз марғау тартқан кезеңде «Күлпет» романы сананы сілкінтер тың шығарма болды»,- деп Шархан Нағметұлына ақ тілегін жеткізіп, сый-сияпат тарту етті. Өз кезегінде жазушының курстасы, белгілі журналист-публицист Уәлихан Тоқпатаев: «Шархан жас кезінде-ақ жандүниесі бай, зерделі болған құрдасымыз», - деп жастық шақтарынан сыр тарқатты. Танымал ақын-журналист Мұрат Тастағанов: «Күлпет» романын халықаралық байқауға ұсынса, «Нобель» сыйлығын алатын шығарма»,- деп жоғары баға берді. Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин сұрағымен де, тілегімен де мейманның мерейін арттырды. Шараға Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит және Өскемен қалалық мәслихатының депутаттары да қатысты. Кездесу соңында көпшілік арнайы дайындалған көрнекі парақшаларға құрметті қонағымыздан қолтаңба алуға асықты. Әлбетте, кітапхана тарихында қалатын естелік фотосуретке де түсті. «КҮЛПЕТ»-қоғам қасіреті мен адам қасиеті жайында жан азасымен жазылған жаңалықты шығарма»,- деген екен әдеби сыншы Құлбек Ергөбек