РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАСТАР КОНФЕРЕНЦИЯСЫН ӨТКІЗДІК!

Қазақ әдебиетінің классигі, драматург, публицист Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы аясында Тәуелсіздік күніне орай өткізілген «ЕРКІНДІГІН АҢСАҒАН КЕРБҰҒЫ…» атты республикалық әдеби-ғылыми конференциямызды ZOOM үлгісінде өткіздік.

Еліміздің әр аймағынан қатысқан жастар екі сағатқа жуық жазушы шығармашылығы туралы толғамды ойларын ортаға салды.

Солардың бірқатары туралы аз-кем айтсақ.

Алматыдан қатысқан жазушы, ұстаз, оралхантанушы АЙЗАТ РАҚЫШ «Атау-кере» романы: қазақ пен Орағаң» атты еңбегінде жазушы хикаятындағы аралас неке, ұрпақ болашағы туралы өзекті мәселені көтерді. Мектеп бағдарламасында қаламгердің әдеби мұрасы кең көлемде оқытылмайтындығы туралы жанайқайын да жеткізді.

Абай облысынан қатысқан жазушы-драматург ҚУАТ ҚИЫҚБАЙ «Алтай алқалаған жазушы» атты мақаласында О.Бөкейдің дара тұлғалық және шығармашылық сан қырын жарқырата ашты.
Алматылық жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы ӘЛІБЕК БАЙБОЛДЫҢ зерттеуі «Оралхан Бөкейдің ойлы драмасындағы образдар жүйесі» деп аталады. Жазушы-драматургтің «Мен сізден қорқамын» драмасы желісіндегі оқиғалар мен образдардың пәлсапалық иірімдерін кеңінен тарқата білген.

Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨ Академиясының 4-курс студенті СӘДУАҚАС ШАТТЫҚ «Оралхан Бөкей шығармашылығындағы кеңестік цензураның еленбеуі» атты еңбегінде «Мұзтау» повесіндегі тарихи деректердің астарына үңіліпті. Кеңестік кезеңдегі саясатқа қайшы Шыңғыс хан, Алаш, Дін, Отаршылдық туралы көркем шығармаларында қаймықпай жазған жазушының толғамды ойларына терең бойлай білген. Шаттықтың қағазға жүгінбей, өз ойын жоғары деңгейде жеткізе білгеніне тәнті болдық.

ШҚУ биология бөлімінің студенті ЖЕҢІСХАН МАНАТТЫҢ зерттеу мақаласы да тың тақырып деуге болады. Жазушының «Аңдар азайып барады» атты мақаласын арқау ете отырып, жаһанға ортақ өзекті мәселені нақты деректермен қозғай алғаны қуантты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әдебиеттану мамандығының 1-курс магистранты АЙДАНА БЕЙСЕН «О.Бөкей прозасындағы хронотоп категориясы» деген баяндамасын ұсынды. Жазушының он жеті (17) шығармасындағы уақыт пен кеңістік белгілерінің бір шеңберде табиғи көрініс табуы туралы жан-жақты талдау жасағанына риза болдық.

Түркістандық ұстаз ШОРАБЕКОВА ЖАНСАЯНЫҢ «Бөкейтану ғылымының зерттелуі», Катонқарағайлық ұстаз ЖАНАР ҮЗЕМБАЕВАНЫҢ «Болмысы бөлек Бөкейдің шығармашылық әлемі – оқушылардың санасын рухани жаңғырту көзі», С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті ҚАЙСАХАНОВА МАДИНАНЫҢ «Оралхан Бөкей шығармаларындағы ұлт тағдыры және ұрпақ мәселесі», Өскемен құрылыс колледжінің аудармашы маманы КӘМШАТ НҰҒЫМАНОВАНЫҢ «Оралхан Бөкей шығармашылығы, жазушының көркемдік әлемі» атты еңбектері де озық ойларымен ерекшеленді.
Конференцияны ұйымдастырушы, филология ғылымының кандидаты ҚҰРАЛАЙ ҚАЙЫРБАЕВАНЫҢ «Оралхан Бөкейдің тілдік тұлғасы» атты сексен (80) беттік еңбегі жазушының рухани қазынасын жоғары деңгейде жан-жақты терең зерделеген деректі әдеби-ғылыми зерттеу деп айырықша атап өтуге болады.

Оралхантану ғылымына өзіндік үлесін қосуға талпынған болашақ ғалымдардың барлығына сертификат берілді.

Алқалы жиынға ұсынылған зерттеу мақалалардың барлығы «BOKEY.KZ» электрондық кітапханамызда жеке жинақ ретінде бұқара назарына ұсынылады.
Құрметті Жастар, ғылыми-әдеби конференциямызды келер ұлу жылында да жалғастыратын боламыз!

Ұсыныстарыңыз, яки ой-пікірлеріңіз болса бізге жолдауларыңызды өтінеміз!

Мекенжайымыз: Өскемен қаласы
Оралхан Бөкей атындағы орталық кітапхана
Е.П.Славский атындағы Ертіс жағалауы, 22
Хабарласыңыздар:
8-747 212 83 31
8 -7232 25 17 70

Новости филиалов