«Анашым, құдіретіңе табынамын!» деген әнді білмейтін қазақ жоқ шығар... Осыдан 34 жыл бұрын жарыққа шығып, ел жүрегін елжіреткен әсерлі ән мен сөздің авторы, бірегей тұлға деп айтуға болатын дарынды жерлесіміз БҰЛЖАНОВ ЖИЫНБЕК РӘБІЛҰЛЫ кітап ордамызда «ТІРЛІК» атты жаңа кітабының тұсауын кесті.
Бұл автордың үшінші кітабы. Бұған дейін «Біз осындай халықпыз» және «Махаббат жолы» атты өлеңдер жинағы шыққан.
Кітапқұмар ағайын, мәдениет саласының майталмандары және әр салада қызмет ететін дос-жарандары қуанышты бөлісуге асыға жеткен екен.
Ұлттық ақ сандығымызға салынған жерлесіміздің жаңа кітабы салтанатты түрде төрге қойылып, тұсаукесер рәсімі де жасалды. Осыдан кейін Жиынбек Рәбілұлы жұртшылыққа жан сырын ақтарып, тағлымды рухани ризығын тарту етті.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жерлесіміздің ұлтшыл жүрегінен шыққан рухты әңгімесі көпшіліктің санасын бір серпілтті. Өз кезектерінде жиналған зиялы қауым да жүрекжарды тілектерін арнады.
Ақын Қадыр Мырза Әлі жерлесіміздің «Біз осындай халықпыз» атты кітабына жазған алғысөзінде: «өз басым Жиынбектің дарынына қатты сенемін», – деген екен.
Ендеше, Жиынбек Рәбілұлының руханият пен спортта бұқараға берері болашақта да толайым боларына біз де бек сенеміз!
Белгілі заңгер, құқыққорғаушы, ақын, сазгер, бард әнші, таэквондодан «Қара белбеу» 1-данды Алаштың әйгілі ұлы Мұстафа Өзтүріктің қолынан алған спорт саңлағы, «Әділ жауап» ұрыс өнері мектебінің авторы және бапкері Жиынбек Рәмілұлы – біз де мақтан тұтар тұлға!
Ендеше, өмірі өнеге болар жерлесіміздің рух берер «Тірлік» атты жаңа кітабын біздің кітапханадан алып, оқуды ұсынамыз!
Мекенжайымыз: Оралхан Бөкей атындағы кітапхана
Е.П.Славский атындағы Ертіс жағалауы көшесі, 22