Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде ананы құрметтеу, аналарға сүйіспеншілігі мен қамқорлығы үшін алғыс айту үшін атап өтілетін маңызды мереке.
Бұл күнді мерекелеу аналардың мәртебесін нығайтуға және қазіргі қазақстандық қоғамдағы аналардың рөлін арттыруға, қазақ халқының тарихындағы аналардың рөлін танымал етуге зор ықпал етеді.
Бүгін кітапханамызда Аналар күні мерекесі сән-салтанатпен аталып өтті. Кітапхана оқырмандары мен қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық мұраттарын өскелең ұрпаққа дәріптеуді мақсат еткен «Жан сарайы» клубының мүшелері «Ана - адамзатқа өмір сыйлаған!» кітап көрмесін тамашалады, «Аналарға арналған кітапхана» бұрышына тоқталып, мұндай бастаманың жас аналарға өте қажеттігін айтып өтті. Шараға үйелменімен арнайы ат басын бұрған Қамза отбасының иесі Мұратбек ақсақал кітапхана ұжымына алғыс білдіріп, келген қонақтарға бата берсе, өнерлі балалары Меруерт пен Нұртілеу бал тілімен ән шырқап, тақпақ айтып, жиналған жұртты сүйіспеншілікке бөледі. «Жан сарайы» клубының ұйымдастырушысы Назигүл Таубақұлова өз клубының мүшелерін таныстырып, алдағы жұмыс барысы, өткізілетін байқаулар жайлы шағын ақпарат берді. Әжелерімен еріп келген білімді балақайлар Ана туралы қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан құрылған тестке жауап беріп, кітапхана тарапынан шағын сыйлықтарға ие болды.
Шара соңында кітапханамыздың табалдырығын алғаш аттаған қонақтарға экскурсия жүргізіліп, оқырмандарға жасалатын қызметтердің барлығы тегін екені айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, біздің кітапханамыздағы кинозалға алдын-ала тапсырыс беріп, қалаған кинофильмдеріңізді көруге болады. Мәселен, Аналар күні мерекесі тақырыбындағы «Анаға апарар жол», «Ана жүрегі», «Ана туралы аңыз», т.б. фильмдер кітапхана қорында бар. Келіңіздер, көріңіздер! Оқырмандар мен көрермендер үшін Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың есігі әрқашан ашық!