Отбасы күні

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАНДАР!
Жыл сайын біз, Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана ұжымы, дәстүрлі түрде 15–мамыр – мерейлі Отбасы күнімен баршаңызды құттықтай отырып, өмірдің ыстық-суығына қол ұстаса төзіп келе жатқан, әлдебір жетістіктерге жеткен бақытты отбасыларды шақырып, оқырмандар алдында емен-жарқын сұхбат құрып, сана көкжиегін кеңейткен ақылман кітаптар ұсынушы едік. Бірақ та, өкінішке орай, биылғы көңілге қаяу түсірген кейбір жағдайларға қарап ой түйіп, «Отбасы» деген қасиетті ұғымның көлеңкелі де күңгірт жақтарына назар салдық. Назар салдық та, қазіргі қоғамның өзекті дертіне айналған тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы, оның қасіреті мен жазасы туралы мағлұматтарды оқырман алдына жаюды мақсат еттік.
Осыған орай бүгін кітапханамызда «ЖАҢА ЗАҢ – ОТБАСЫ ТЫНЫШТЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ» атты іс-шара өтті. Шара барысында Өскемен қалалық полиция басқармасы, жергілікті полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы, полиция майоры Саяжанова Нұргүл Тоқтамысқызы сөз алып, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заң талабымен қысқаша таныстырып өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заң өзгертулері енгізілген. Бұл туралы наурыздың 6-күні Астанада Қазақстан президентінің жанындағы отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында хабарланған. Комиссия мүшелерінің айтуынша, отбасының бір мүшесі екінші мүшесіне зорлық-зомбылық көрсетсе ол бұрынғыдай әкімшілік жауапкершілікке тартылып қана қоймай, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастыратын қылмыстық жауапкершілік қолданысқа кіруі мүмкін.
Ал Қазақстан психологтар одағының мүшесі, психолог-практик, «Жан сарайы» әйелдер клубының негізін қалаушы Таубакулова Назигүл Абылқасқызы қазақ және мұсылман қоғамында әйелдердің алатын орны ерекше екенін, оларға қол көтермек түгілі, ренжітудің өзі отбасыға көлеңке түсіретін атап айтты. Әрине, басқа, шетін жағдайлар, мысалы, әйелдерден еркектердің де зәбір көретіні назардан тыс қалған жоқ. Түптеп келгенде, қанша қиын болса да шыдап, сыйластықпен ғұмыр кешсе, балалардың да тәрбиесі мен психикасы қалыпқа түсетіні айтылды.
Келелі сұқбаттан соң кітапхана қызметкерлері жазушы Дулат Исабековтың «Гауһартас» хикаятындағы отбасы оқиғасын жан-жақты талдап, сол кездегі Салтанат пен қазіргі Салтанаттың айырмашылығын атады. Сонымен қатар, оқырмандарға кітапханамыздың үлкен экранды кинозалында «Гауһартас» көркем фильмі көруге ұсынылды.
Отбасылық зорлық-зомбылыққа жол бермейік, ағайын!

Новости филиалов