Кітаптың тұсаукесері!

Құрметті оқырмандар!

Күні кешегі Совет үкіметінің тоталитарлық жүйесі тұсында бүкiл түркi жұртының, соның iшiнде татар халқының тарихы да толық айтылмай, бұрмаланып келгенi белгiлi. Оның басты себебi - татар халқы бес ғасыр бойы бостандық үшiн ауыр күрес жүргiздi. Небiр қиын-қыстауды басынан өткерген, көп ғасыр бойы бодандықтан зардап шеккен татар халқы асқан еңбекқорлығымен өз ұрпағын құрып кетуден сақтап қалды. Татар зиялылары Отаншылдық, қоғамдық үздiк сана – туған халқының рухани қайнар көзi, елдiк пен ерлiктiң қайнар көзi деуден танған емес.

Бүгін Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада бір ерекше кітаптың таныстырылымы өтті. ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығының бас ғылыми қызметкері Құмарова Бақыт Мейрамқызының «Татарская коллекция предметов Восточно-Казахстанского музея-заповедника» кітабы қалың жұртшылыққа жол тартты. Бұл кітаптың шығуына аталмыш мұражай директорының орынбасары Муталимова Алия Фаридовна айтарлықтай көмек көрсеткенін атап өтуіміз қажет.

Шараға қаламыздағы зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары, әріптестері мен достары қатысты. Таныстырылым барысында Достық үйіндегі татар диаспорасы төрайымының орынбасары Цис Роза Алитдиновна кітаптың шығуына алғыс білдіріп, өзінің бала кезіндегі татар көші жайлы айтып өтті. Сонымен қатар, этнограф-ғалымға шығармашылығы мен татар халқының ұлттық мұрасына деген көзқарасы туралы сұрақтар қойылып, сыр сұхбат құрылды. Ғалымның бұл кітапты дәйекті зерттеулерге сүйене отырып, қым-қуыт көш іздерін көркем тілмен төгілте жазғаны байқалады. Автор бұрын беймәлім болған тарихи деректерді аршып, осыған дейінгі қалыптасқан таптаурын тұжырымдарды талқандап, тың көзқараспен ұсынады. Бұл кітаптың тарихшылар мен этнографтар ғана емес, қарапайым халық та қызыға оқитын құнды дүние екеніне оқырмандардың көзі жетті.

Шара соңында барлығы естелік суретке түсіп, Бақыт Мейрамқызына шығармашылық және ғылыми табыс тіледі.

Новости филиалов