Өскемен қаласы әкімінің қолдауымен Оралхан Бөкей атындағы Республикалық әдеби байқауды биыл үшінші мәрте өткізіп отырмыз.
Өткенге шолу жасасақ: 2022 жылы Оралхан Бөкей атындағы «Ауыл хикаялары» атты республикалық проза байқауы өткізілді.
2023 жылы Оралхан Бөкей атындағы республикалық публицистика байқауы ұйымдастырылды.
Ал биылғы байқауды драматургия жанрына арнадық.
Осылайша Оралхан халқына қазыналы мұра қалдырған проза, публицистика және драматургия (3) жанрларын түгел қамтыдық.
Бүгін өткен республикалық драматургия байқауының марапаттау салтанатының басында қатысушылар Жазушының аяулы дидарымен жүздесіп, осыдан 37 жыл бұрын драматургия туралы айтқан сөзін толғана тыңдады.
Өз кезегінде қала әкімі Жақсылық Омар классиктің ұлтына арнаған қазыналы мұрасының бүгінгі таңдағы өзектілігі туралы сөз тербеді. Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО бөлімшесінің төрағасы, ақын, Оралханның рухани замандасы Әлібек Қаңтарбаев жазушының драматургиясы хақында ой толғап, естелігін бөлісті.
Алтайдың ар жағындағы ақын-сазгер Даму Долданың Бөкейұлына арнаған «Ақиық Аға» атты әсерлі әні де қауымның жанын бір тебіренткендей болды...
Осыдан кейін байқау жеңімпаздарын марапаттау да басталды:
ЫНТАЛАНДЫРУ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРЛЕРІ:
Ынталандыру сыйлығы Иегерлерінің барлығы Өскемен қаласы әкімінің «Алғыс хаты» және «Ынталандыру сыйлығы» - 200 000 теңгенің Сертификатымен марапатталды.
Әуезхан Әділ Жанболатұлы, журналист, Өскемен – «Қылбұрау» атты екі бөлімді драма-диалогы үшін.
Имашпаева Айдана Дарқанқызы, Өскемен – «Өмірімнің нұры» драмасы үшін.
Әділбек Айсұлу Тілеубекқызы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ филологиясы факультетінің 2 курс студенті - «Армансыздың аһ ұруы» драмасы үшін марапатталды.
ІІІ ОРЫН - Байбол Әлібек Уәлиханұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы – «Бала. Отбасы. Үшеу» драмасы үшін Өскемен қаласы әкімінің Дипломы және 700 000 теңге сертификатымен марапатталды.
ІІ ОРЫН - Рақыш Айзат Серікқызы, Алматыдағы №156 жалпы білім беретін мектептің ұстазы - «Жалғыздық серті» атты драмасы үшін Өскемен қаласы әкімінің Дипломы және 500 000 теңге сертификатымен марапатталды.
І ОРЫН - Жантас Еркінұлы, Кереку қаласы (Павлодар), Ақсу ауданы, Қызылжар ауылынан - «Көзімді жұмсам да көрем сені...» драмасы үшін Өскемен қаласы әкімінің Дипломы және 800 000 теңге сертификатымен марапатталды.
БАС ЖҮЛДЕ - Жалиева Бақыт Мейрамғалиқызы, Ақтөбе қаласы – «Марианна» драмасы үшін Өскемен қаласы әкімінің Дипломы, 1000 000 теңге сертификаты және Оралхан Бөкейдің бейнесі Мұзтауда бедерленген ескерткіш табыс етілді.
Салтанат барысы Шығыстың бұлбұл көмей әншісі Қайрат Майжаровтың ән тартуымен түйінделді.
Марапаттаудан кейін байқау жеңімпаздары Оралхан Бөкейдің туған жері Катонқарағайға аттанды.