








3-қазанда кітапханамызда басталған «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – КІТАПХАНА САЛАСЫНДА» тақырыбындағы халықаралық AI конференцияға әр аймақтан 80-ге жуық әріптесіміз келіп қуантты. Ашылу салтанатында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жасанды интеллекті меңгерудің маңызы туралы айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Оралхан Бөкей атындағы ОКЖ директоры және ШҚО Кітапханашылары қауымдастығының басшысы Қабиба Ақжігітова конференцияны өткізу мақсаты жасанды интеллект арқылы кітапхананы заманауи үлгіде дамыту екендігіне ерекше тоқталды. Ал Мәскеуден ат арытып келген педагогика ғылымының кандидаты, профессор Вадим Степановтың жасанды интеллекті кітапхана саласындағы ақпараттық қызметте пайдалану туралы шеберлік сыныбының үйретері көп болды. ТМД IDC вице-президенті А.Беклемишев «Қазақстан Республикасында жасанды интеллекті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру» туралы, ал Белорусь ұлттық техникалық университетінің ғылыми кітапханасы электрондық қорлар бөлімінің интернет-технологияны дамыту бөлімінің басшысы А.Ковалевский «Кітапханашы - Жасанды Интеллект әлеміне жолбасшы» тақырыбында ONLINE дәріс өткізді. Оралхан Бөкей кітапханасының IT мамандары жасанды интеллекті пайдалану арқылы іс-тәжірибелер жасап көрсетті. Жиынның екінші бөлімінде жасанды интеллект саласының сарапшысы В.Степанов «Кітапханалық-библиографиялық қызметте генеративті тілдік үлгілерді пайдалану» тақырыбында тренинг – сессия өткізді.
«Жасанды Зерде – кітапхана саласында» атты халықаралық ғылыми –тәжірибелік алқалы жиынның қорытынды бөлімінде педагогикағылымының кандидаты, профессор, жасанды интеллект саласының сарапшысы Вадим Степанов «Кітапхана және нейрон желілері: өзара байланыс»» тақырыбында басқосу өткізді. Kazakh LLM және IrbisGPT тілдік үлгідерін құруға кітапханаларымыздың үлес қосу мүмкіндіктері қандай? Ел кітапханалары бұл жобаларды жүзеге асыруға қандай үлес қоса алады? Кітапхана қызметіне және мамандығынаЖасанды Интеллектің қандай пайдасы бар? Осы тақылеттес сұрақтар бойынша өткен басқосудақатысушылар сан сауалдар қойып, жан-жақты жауаптар алды. Кітапхананы және кітапханашыларды заманауи талаптарға сай жан-жақты дамыту қажеттілігі де сөз болды. «Кітапханашының мақсаты – компьютерді ең алғаш қалай үйренді, жасанды интеллекті де солай жан-жақты меңгеруі керек. Заманауи технология жаңалықтарын қызметіне енгізген кітапхана ғана жастарды өзіне тарта алады.Осылайша, өлімге емес, өмір сүруге құштар ұл-қыздарды тәрбиелеуге ықпал етуіміз керек», - деді сарапшы В.Степанов. Екі күнге созылған конференция қорытындысында еліміздің әр өңірінен келген барлық қатысушыларға салтанатты түрде арнайы сертификат табыс етілді.
Құрметті Әріптестер!
Қазақ кітапханаларын ғажап кітапханаларға айналдырудағы қызметтеріңіз жетістікті болсын!


