Қадым заманнан басталған Қазақтың тарихы тағлымды шежіреге тұнып тұр. Әлі де ашылмаған, бізге беймәлім парақтары мұрағаттарда сарғайып, өз зерттеушісін күтуде. Басқа да ашылмаған тылсым құпиялар ұланғайыр даламыздың астында көміліп жатыр. Міне, дәл осы жер астындағы тарихты түгендеген, есімі мен еңбегі шетелге дейін танылған жерлесіміз–археолог, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, «Платиналы Тарлан» жалпыұлттық тәуелсіз сыйлығының иегері, Герман археология институтының корреспондент мүшесі ЗЕЙНОЛЛА САМАШҰЛЫМЕН кездесу өткіздік. «Қазақ тарихы – археология ғылымында» атты шараға тарихшы ұстаздар қатысты.
Зейнолла Самашұлы еліміздің батысында энеолиттік Тоқсанбай қонысынан бастап сарматтық Бәйте, Қызылүйік, Тасастау және орта ғасырда Қазақ Хандығының астанасы болған Сарайшық шаһарын зерттеуге де орасан зор үлес қосты. Берел, Шілікті, Елеке сазы, Аралтөбе өңірлерінен алтынмен апталып, күміспен қапталған бабалар қорымын тауып, тарихымызды бағзы заман деректерімен байытты. Ол туралы «Шығыс Қазақстанның орта ғасырдағы тарихының очерктері және көне ескерткіштері» атты тақырыпта ғылыми жинақтарын да шығарды. Қазақстан, Ресей, ҚХР, Франция, АҚШ өңірлерінде жарық көрген 100-ден астам ғылыми жұмыстың және 40-қа жуық кітаптың авторы. Ғалым кездесу барысында тарихшы-ұстаздардың санқиялы сұрақтарына жауап беріп, археология ғылымының қазақ тарихына қосқан өлшеусіз қазынасы туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі.
Ұлан ауданының Бестерек ауылында өмірге келген жерлесіміз ЗЕЙНОЛЛА САМАШҰЛЫН біз мақтан тұтамыз және келешекте де қазақ тарихына қосар құнды қазынасы көп болатынына бек сенеміз!