Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Екінші дүниежүзілік соғыста жаумен арпалысқан батыр, кейін қазақ тарихын тұмшалаған даумен күрескен қайраткер, Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетінің алтын қазығы. Ол қазақтың алғашқы ханынан бастап, соңғы ханына дейінгі тұтас тарихын қағаз бетіне түсіріп, ұлт жадын жаңғыртқан тұлға.
Осы атаулы күнге орай кітапхана “Қазақ хандарын халқымен қауыштырған” атты көрме ұйымдастырып, оқырмандарды жазушының мұрасымен таныстырды. Алғашқылардың бірі болып, Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектептің 10-сынып оқушылары көрмені тамашалады. Кітапхана қызметкерлері жазушы туралы тың деректерді құрастырып, оқушылардың қызығушылығын арттырды.
“2025 жыл: Ілияс Есенберлиннің мұрасы мен рухы – 25 мәңгілік дерек” атты арнайы жоба да көрменің басты ерекшелігі болды. Бұл жоба қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы көп жерде кездесе бермейтін деректерді қамтиды.
Ілияс Есенберлиннің шығармашылығы жаңа заманға үндеседі. 2025 жылы оның еңбектеріне жаңа көзқараспен қарау және жазушының тұлғасын ұлықтау маңызды. “Көшпенділер” мен “Алтын Орда” тарихи трилогиялары қазақ оқырманы үшін шоқтығы биік шығармалар. Сонымен қатар “Қауіпті өткел”, “Ғашықтар” сияқты романдары да оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар.
Қазақ тарихының әдеби суреткері атанған Ілияс Есенберлиннің мұрасы – ұлт үшін алтыннан да қымбат қазына. Кітапхана ұлы жазушының шығармаларын оқырманға ұсына отырып, оның рухани құндылықтарын жас ұрпаққа насихаттауды жалғастыра береді.