









Бүгін кітапхана қабырғасында жас ұрпақтың санасына отансүйгіштік пен батырлық рухты дарытатын тағылымды Ерлік сабағы өткізілді. Сабаққа Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 мектептің 7 сынып оқушылары қатысты. Сабақ барысында оқушылар Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты қаһармандары — Халық қаһарманы Қасым Қайсенов пен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлік жолымен терең танысты.
Балалар ардагерлердің от пен оқтың арасында жүріп көрсеткен қайсарлығы мен елге деген адал қызметінің маңызын сезініп, тарих қойнауына саяхат жасады. Сабақ аясында оқушылар тек батырлар тағылымын тыңдап қана қоймай, кітапхананың тыныс-тіршілігімен, ондағы бай әдеби мұрамен де танысты. Әдебиеттер әлемінен сыр шертетін сөрелерді аралап, батырлар туралы жазылған кітаптармен жақынырақ жүздесті. Бұл — жас буынның жүрегіне патриоттық рух ұялататын, өткенге тағзым етіп, болашаққа бағдар беретін тағылымды кездесу болды.


