Абай өлеңдері - Жеңіске жеткізді!

...Берлин үшін болған сұрапыл қатты ұрыс күндерінің бірінде маған Абайдың «Таңдамалы өлеңдерін» аға  лейтенант Макрюков Иван деген деген таныс жігітім берді. Оның қарамағындағы барлаушылар бөлімшесінің командирі Тұртай Әліпқалиев деген қазақ жігіті Берлинде болған ұрыста ерлікпен қаза табады. Абайдың  «Таңдамалы өлеңдері» сол жігіттің қоржынынан табылады. Жаудың оғы оның қоржынындағы барлық қағаздар мен документтерді турап кеткен. Солармен бірге «Таңдамалы өлеңдерді» екі жерден тесіп өткен.

...Менің қолымдағы үш кітап қайтадан қолдан қолға көше бастады. Сөйтіп Ұлы Ақынның сөзі Шығыстың шыңынан асып төгіліп, Еділ мен Днепрге жетті. Висла мен Одерді өрлеп, Берлинге дейін келді. Абайдың сөзі майдандағы жігіттермен бірге болды. Жігіттермен бірге түнеп, шабуылға бірге барды. Сол жігіттермен бірге жүріп, ақырында жеңіс күніне жетті.

 

Абай номерінің материалдары бірінен бірі өтеді. «Мен Семей облысы, Абыралы ауданынанмын, - деп хат жазыпты аға сержант Т.Меңдібаев деген жігіт, - Абай менің туысым болады, - дейді ол. –Менің өкінішім ұлы жерлесімнің 100 жылдық тойына қатыса алмадым. Берлинді алғанда штурмалаушы топтың қатарында болып, Рейхстагқа бірінші болып келдім. Мен оның қабырғасына: «Мен Семей облысы, Абыралы ауданы, Абай ауылынан Берлинге келдім. Ақын Абайдың ұрпағымын» деп жаздым.

Жақында Рейхстагқа тағы барсам, менің жазған жеріме біреу Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та , бар, қалан!» деген бір шумақ өлеңін жазып кетіпті.  Сөйтіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан ақынның ұрпақтары бабамыздың атын жаудың ордасының қабырғасына жаздық».

Отан үшін от кешкен Абай ұрпақтары

Ұлы Отан соғысындағы жеңіс – еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы тарихи жеңіс. Қазақ­стандықтар, оның ішінде жерлес­теріміз қан майданда ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сол күндердің даңқы ешқа­шан да өшпейді. Ұлы Отан соғысына семейлік жа­уын­герлер де үн қосты. Сол ержүрек аза­маттардың бір тобы – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнан­байұлының ұрпақ­тары. Олар Отан­ды зұлым жаудан қор­ғап, кескі­лескен қан майданда ерлік жасады. Өз өмірлерін қиып, бейбіт өмір­ді бүгінгі ұрпаққа сыйға тартқан сан миллион құрбан болғандардың ішін­де Абай ұрпақ­тарының есім­дерін де ерекше құрмет­пен айтамыз. Ұлы ақынның немере-шөберелері және жақын туыстары фашизммен қарсы соғысқа қатысып, майданнан орал­мады. Олардың барлығы кеңес мектептерінде білім алып тәрбие­ленген. Ел басына ауыр күн туғанда белдерінде қару асынып, Отанды қорғауға аттанды.
Тоқташ Ізкәйілұлы (1924-1943) Абайдың немересі. Ол домбыра, баянда ойнап, Абай әндерін айтқан. Тоқташ неміс фашистеріне қарсы Отан соғысына қатысып, 1943 жылы қаза болған.

Құзайыр Мекайылұлы (1912-1945) Абайдың немересі, бай тұқымы ретінде жер аударылып елден қуылған. Фрунзе қаласына барып паналап, қара жұмыс істеген. Сол жерден әскерге алынып, 1945 жылы майданда қаза болған.

Әлихан Әубәкірұлы (1918 – ө.ж.б.) Абайдың шөбересі. Отан соғысына қатысып, хабарсыз кеткен.

Алпаш Жебрәйілұлы (1922-1990) Абайдың баласы Тұрағұлдың немересі. Өз әкесі Жебрәйіл Абайдың інісі Оспанның атына жазылған. Ұлы Отан соғысына қатысып, мүгедек болып оралған. Алматы қаласында тұрып, 1990 жылы дүние салған.

Берекехан Құтайбаұлы (1919-1942) Абайдың шөбересі, Мағауияның немересі. Семейде 7-класты орысша оқып бітірген. Шығыс Қазақстан облысы Новошульба ауданында Уба-Форпост ауылдық кеңесінен әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ишағы Жағыпарқызы (1922-2014) Абайдың шөбересі, Мағауияның Жағыпарынан туған. Ұлы Отан соғысы жылдарында авиация технигі болып Харбин маңында майданға қатысты. Алматы қаласында тұрған.

Қалышер Мекайылұлы (1921-1942) Абайдың немересі. Қалышерге байдың тұқымы деген айып тағылып, жер аударылған. Фрунзе қаласынан әскерге аттанып, Отан соғысында 1942 жылы қайтыс болған.

Жошыхан Жағыпарұлы (1924-1943) Абайдың шөбересі. 1924 жылы бұрынғы Семей облысы Абай ауданында Қарауылда туған. Жошыхан 1934 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін апасы Ишағы, қарындасы Ғазел үшеуі Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Ол осындағы №12 мектеп-интернатты бітіріп, 1942 жылы майданға кеткен. 1943 жылдың тамыз айында Харьковті азат ету үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан.

Қапсәләм Әубәкірұлы (1907-1943) Абайдың шөбересі. Ұлы Отан соғысында 1943 жылы қайтыс болған.

Абайдың немере-шөберелерінің мұражай қорында Ұлы Отан соғысы жылдарында майданнан жазған хаттары сақтаулы. Абай ұрпақтарының бұл сәлем хаттары Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік, патриоттық ыстық сезімге толы.


Main Menu каз