Шығысқазақстандық Батырлар

Шүкірхан Әбділдинов

Шүкірхан Әбділдинов 1904 жылы Марқакөл ауылында дүниеге келген. Отан қорғау қатарына 1941 жылы мамыр айында шақырылады. 1943 жылы шілдеде Курск облысы, Томаров ауданы Черкасское ауылдық кеңесінің Черкасское селосында хабар-ошарсыз кеткен.

Ғарап Дайрабаев

1909 жылы Семей облысы, Жарма ауданының  Сынтас кенішінде дүниеге келген. 1941 жылдың тамыз айында Кеңес Армиясы қатарына шақыртылған. ІІ-Белорусь майданында, кейін Балтық жағалауында І-майданда соғысқан. Соңғы ұрысқа қатысқан  жері – 51 атқыштар дивизиясының 91-ші танкіге қарсы жеке дивизионы, танк дивизиясының бөлімше командирі – гвардия сержанты. 1944 жылы қаза тапқан.

Қапа Сембинов

1907 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Шымқора ауылында дүниеге келген. Майданға 1941 жылы Қаратал аудандық әскери коммисариатынан шақыртылған. 357-атқыштар дивизиясының 1192-ші атқыштар полкінде  соғысқан. 1943 жылы 6 қазанда қаза тапқан. Калининград облысы, Невель ауданының Жигарту селосындағы бауырластар зиратына жерленген.

Ыбырай Белгінов

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының  Жарсу ауылында дүниеге келген. Майданға 1943 жылы Зайсан аудандық комиссариатынан шақыртылған. 117-атқыштар дивизиясының 820-атқыштар полкінің құрамында соғысқан. 1944 жылдың қаңтарында ұрыста қаза тапқан. Витебск облысының Хралки деревнясының маңында жерленген.

Шүкір Смағұлов

1923 жылы өмірге келген. Отанын ерлікпен қорғаған батыр хабар –ошарсыз кеткен. Мөлшермен Латвияда, Дюбель ауданы Лиелауца кенті, №3Л бауырластар зиратында жерленген. Жерленгендер тізіміндегі нөмірі 971.

Ұлы Отан соғысында ерлікпен шейіт болған боздақтар есімі  елі есінде!

Берлинге жеткен Бәдигүл Сүлейменова

Фашистердің ордасы  Берлин қаласында Жеңіс күнін қарсы алған қазақ қыздарының бірі – Бәдигүл Сүлейменова.

1943 жылы Аякөз аудандық әскери коммисариаты арқылы Алматы қаласындағы «Су құбырларын жөндеу және қалпына келтіру» дайындық курсына жіберіледі. Курсты аяқтаған соң бір топ қыздармен Бәдигүл Сүлейменова  Батыс майдан шебіне аттанады. Батыр қыз Жеңіс күнін қалай қарсы алғанын былай деп еске алады:

-Алдыңғы шептегі  жылжымалы бөлімше болғандықтан 1944 жылы Польшаның  астанасы Варшава қаласы түбіндегі Джеска поселкесіне бекіндік. Содан жауады өкшелей қуып, қатарымыздың сирегеніне қарамастан 1945 жылдың 25 сәуірінде Дрезден қаласы арқылы Берлинге жеттік. Жеңіс күнін Рейхстаг жанында қарсы алып, генерал Борисовтың құттықтауын қабылдадық. Қуаныш жасына малшынған күнім осы 9-мамыр болды.  Бәдигүл апа  «Ұлы Отан соғысы» ІІ дәрежелі ордені, «Кавказды азат еткені үшін» медалі, «Ұлы Отан соғысының 30 жылдығы», «Ұлы Отан соғысының 50 жылдығы», «КСРО Маршалы Жуков» және «Соғыс ардагері» медальдарының иегері.

Жәмел Нұрғожаұлы

Жәмел  Нұрғожаұлы  Жарма өңіріндегі  Бөке кентінде дүниеге келген.   1937 жылы Семей қаласындағы педучилишені бітіреді.  1941 жылы майданға аттанады. Жауынгерлік жолы   Украина майданы, «Курск-Орал» иіні шайқасымен ұштасып, Елецск қаласын азат етуге жалғасады. 1942 жылдың аяғында ұрыс даласында контузия алып, жараланады. 2-3 ай емделіп, қайта соғысқа енеді. Содан екпінді атқыштар тобына кіріп, жаудың шебін бұзып, арттағыларға жол ашып, жауынгерлік алғыстарға ие болады. Жеңіс күнін 1945 жылы, 9 мамырда мерекелеп, тағы бір жыл Армия қатарында болып, 1946 жылы мамырда елге оралады. 

Жомарт Кәкімұлы

Жомарт Кәкімұлы 7-ші сыныпқа көшкенде, 1941 жылы соғыс басталып, ары қарай оқи алмайды. Сөйтіп, жасөспірім Жомарт 1942 жылы Жаңғызтөбеден майданға аттанады. 1943 жылы шілдеде, Орлов Курск және Белгород бағытындағы шайқасқа енеді. Осы жерде гитрлерлік командованиенің қарсы шабуылына ұшырайды. Жауға тойтарыс бере отырып, Харьков пен Львовты  азат етуге қатысады. 1943 жылы жоғары командованиенің бұйрығы бойынша Днепрден өтіп, жау шебін бұзу тапсырылады. Бұл өте жан алып, жан беріскен шайқас болады. Соның алдындағы бір шайқаста  «Ерлігі үшін» медалымен марапатталған Жомарт Днепрден алғашқы болып өтіп, ерлік көрсеткені үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болады. Осыдан кейін Оңтүстік – Батыс, І – Украина майданы, Киев, Житомир, Луцк, Львов бағытындағы шайқастарға қатысады. Сол қиян кескі шайқастардың бірінде Жомарт Кәкімұлы жау оғынан ес-түссіз қалады. Бұл 1944 жылдың сәуір айы еді. Львов қаласына жете бере танкте екі қолдан жарақатқа ұшырап, госпитальға түседі.  1945 жылы ақпан айында екі қолы икемге келмеген күйі Жаңғызтөбеге оралады.

Әділғазы Қасенғазыұлы 

Тарбағатай өңірінде өмірге келген Әділғазы Қасенғазыұлы  1940-1941 жылдары «Тебіске», «Коминтерн» мектептерін басқарады. Ұлы Отан соғысы басталған кезде оқытушылықпен қоштасып, майданға аттанады.  134-құрылыс полкі құрамында Ростов, Таганрок қалаларын азат етуге қатысады. Украинаның бір ауылын қорғауда 1943 жылы қыста басынан контузия алады. Ес-түссіз соғыс госпиталіне түсіп, емделеді. Сол жылдың тамыз айында жаралы жауынгер Әділғазы Қасенғазыұлы  туған жерге оралады.

Ағайынды Нұрілдә және Әбділдә Қалиевтер

Ағайынды Нұрілдә және Әбділдә Қалиевтер Абыралы тумасы. Ұлы Отан соғысы басталған кезде 1941 жылы ағайынды екеуі бірдей соғысқа аттанады. Ағасы Нұрілдә соғыста хабарсыз кетті. Әбділдә жаумен алғашқы қоян-қолтық ұрысын Моздок қаласының түбінен бастап, Советтік Кавказды азат етуге қатысты. Соғыс жылдары І-ІІІ Украина майданы құрамында 206 гвардиялық Қызыл Тулы атқыштар полкінің катарында аға сержант шенімен атқыштар бөлімшесін басқарды. Украинаның астанасы Киев қаласын азат етуге қатысты. Вена қаласын ұрыспен алуға қатысып, әр көше, әр үй үшін ерлікпен күрес жүргізді. Өзінің ерлік жолын 1945 жылы Берлин түбінде аяқтады.

Қапай Ысқақов

Қапай Ысқақов бұрынғы Өскемен уезі, Қалба болысының № 5 ауылында өмірге келген. 1941 жылы майданға аттанады.  52-ші әскери  құрама командованиесінде болып, жауды Черкасскіге дейін қуып, одан әрі 1941 жылдың 26 наурызында Яссы қаласының солтүстігіндегі мемлекеттік шекарадағы Прут өзеніне дейін жетеді. Жужүрек  жауынгер атанған Қапай фашист жендеттерін тәсіл қолданып, өзіне жақына жіберіп алып, қынадай қырып, жауға үш рет  тойтара соққы беріп, шабуыл бетін қайтарады.  Төртінші рет те солай соққының астына алады. Жараланса да майдан даласынан шықпай  Батыс, Сталинград, 2-ші Украина майдандарында  ерлікпен соғысып, тоғыз рет жарақат алады. 1944 жылы 13-қыркүйекте сержант Қапай Ысқақовқа Совет Одағының Батыры атағы беріледі.

Жүнісұлы Секен

Жүнісұлы Секен – 1941 жылы Сергиополь педагогикалық училищесін үздік бітіріп, еңбек жолын Ұржар ауданы Ақжар ауылында бастауыш мектебінің мұғалімі болып бастайды. Бірақ ұстаздық жол ұзаққа бармады.  1942 жылы 9-қыркүйекте  майданға аттанды.

«Қызыл ту,  екінші дәрежелі  «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» мадальдарының иегері.

Құдабаев Байғанбек

Құдабаев Байғанбек – 1941 жылы Зайсандағы қазақ орта мектебін бітірген бозбала 1942 жылдың желтоқсанында  майданға шақырту қағаз алады. Майданда екі рет  танк ішінде отқа оранып, өлім аузынан қалады.  Краснодар өлкесіндегі Тамань жеріндегі қанды қырғында  соғыс жолы басталады. Әйгілі Тамань танк дивизиясында Керчь пен Севастопольді жаудан тазарта отырып, Яссы, Бухарест, Будапешт, Братиславия, Брно, Прага қалаларын азат ету ұрыстарына қатысады. Жапон Армиясы бекінген Харбин, Мүгден, Чангун мен Дайрен, Пост Артур қанды жорықтарына қатысады.  Ең соңында Гоминьдан әскерін талқандаған кеңестік құрамның сапында соғысты.  Туған жері Зайсанға 1949 жылы оралады.

Қамбар Тұрарұлы

...Аспан мен жер астасып кеткендей. Артиллериялық дайындық үш сағатқа созылды. Қарша бораған оқ пен оттың арасында біздің жауынгерлер жалпақтығы жарты шақырым Свирь өзенінен өтіп, финдерді бекіністерінен тықсырып шықты. Осы ұрыстағы жаппай ерлігі үшін жауынгерлердің барлығына  алғыс жарияланып, дивизияның өзіне Гвардиялық Свирь дивизиясы деген құрметті атақ берілді. Сол Свирьден өтуде Совет Одағының батыры атағын  алған 51 адамның бірі – әскерге Қамбармен бірге алынған жерлесі, жолдасы Серікқазы Бекбосынов еді. Ал Қамбар Тұраров алғашқы ұрыста «Ерлігі үшін» медаліне ие болды. Содан Краковты, Будапешті алуға, Венгрияны азат етуге қатысты. 1945 жылғы көктемде Австрия шекарасында болған қиян-кескі ұрыста  жиырма  жасар жігіт жанына снаряд түсіп, ауыр жараланды.

...Бірақ Қамбардың су ішерлігі бар екен, үш тәуліктен соң әскери госпиальде есін жиып, тілге келді.

...Жеңіс мерекесін сол Бая қаласындағы әскери госпитальде қарсы алды.

Қамза Ақжалов 

Қамза Ақжалов  Отан қорғау соғысына Ұлан ауданынан аттанды.  Ростовтағы Донда  болған қиян кескі соғыста жау снарядының жарқышағы тиіп,  арқасындағы пулеметімен бірге құлады. Осы ұрыста екі аяғынан бірдей ауыр жараланып, госпитальға түседі. Ауыр жарақаттан мүгедектіктің зардабын шеккен жас жігіт туған -туысқандарына жүк болам-ау деген оймен  туған еліне  қайтқысы келмейді. Алайда дәрігерлер оған күш-жігер беріп, ақырында Қамза Ақжолов  тәніне түскен жараны жеңеді. Ол протез арқылы жүріп-тұруды үйренеді. Сөйтіп, туған жеріне оралған жас жігіт ешкімге ауырлық түсірмей, майданда жаумен қалай шайқасса, тылда да солай ешкімнен қалыспай ерен еңбек етті.

Ғабдуали Раханов 

Ғабдуали Раханов  481-ші танкіге қарсы  жойғыш  артиллерия полкінде  Сталинград үшін шайқаста ерлік көрсеткен батыр.  23-29 қаңтар аралығында ол өз қаруымен  47 пулемет нүктелерін жойды. 30 қаңтарда Муравлев хуторы маңында  жау жағы 30 танкімен қарсы ұрысқа шықты.  Танкі  жойғыш артиллерия  дұшпанға қарсы  бет қаратпас оқ жаудырды. Раханов екі танкіні өртеп те үлгерді. Енді үшінші танкі төніп келеді. Небәрі жүз метрдей ғана жақындап қалды. Зеңбірек нысанашысы жараланып, оның орынын  өзі  басты. Ол атқан бірінші оқ танкіні отқа орады. Ішінен жанталаса атып шыққан жауды автоматшылардың оғы жайпап өтті. Раханов  өз жүргізушісіне «артымнан ер» деп айқайлай  алға ұмтылды.  Ғабдуали бұл жолы нысанашының  да, оқтаушының да міндетін бір өзі атқарды.  Ұрыстағы осы  ерлігі үшін Раханов Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Батыр қазақ Румыния, Венгрияны басып өтіп, Будапешт штурмына да қатысты.  1944 жылы  Ғабдуали Рахановтың  батырлығы жайлы «Правда» газетінде  жазылды. Қазақтың қаһарман ұлы соғыстағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз ордені, Отан соғысының 2-ші дәрежелі ордені және «Ерлігі үшін» медалімен екі мәрте марапатталды.  Соғыстан кейін Самар ауданына оралып, колхоздағы механикалық шеберхананың диспетчері болып еңбек етеді.

Сталинград үшін шайқаста шығысқазақстандық  М.Мұхамеджанов, Д.Нұманбетов,  Н.Мұхамедиянов, М.Сүлейменов,  А.Скударев, А.Макеудов, В.Киселев, И.Ларионов, Л.Черепанов, Степаненко, В.Исаков, И.Гордеев, Н.Калошин, санитарка И.Троеглазова, М.Куценко және т.б. қаһармандар ерлікпен шайқасты.

Хамза Мұхамедиев 

Хамза Мұхамедиев  Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданынан майданға аттанып,  Курск  шайқасында ерен ерлік үлгісін көрсетті.  1943 жылдың  6 шілдесінде болған ұрыста  жау  оғы  взвод командиірінің өмірін қиды.  Сол кезде  гвардияның аға серженті Хамза  Мұхамедиев басшылықты өз қолына алды.  Осы ұрыстағы шебер басшылығы мен ерлігі үшін  Х.Мұхамедиевке  Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 

Шығыс Қазақстандағы тыл гвардиясы

Ұлы Отан соғысы жылдарында  Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығымен бірге  өндіріс орындары да екпінді еңбек етіп, Қызыл Армияны  өніммен қамтамасыз етіп отырды. Атап айтқанда: Лениногор қорғасын зауыты, «Алтайтүстіметалбарлау» тресті,  Риддер  электротехника зауыты, Үлбі  ГЭС-і,  Лениногор кеніші,  «Горняк» алтын өндіру артелі,  Белоусов кеніші, «Бұқтырмаалтын», «Құлынжыалтын», «Қалжыралтын», «Нарымалтын» , «Күршімалтын»,  «Қалбасирекметаллдар»,  «Убасирекметаллдар» кеніштері және т.б. көптеген өндіріс орындары мен   өнеркәсіптер жоспарларын екі  еселеп орындап, Қызыл Армияны қажеттіліктермен үзбей қамтамасыз етіп отырды.

Main Menu каз