news
 «Тәуелсіздік тарихы – Бабамыздан басталады!» патриоттық экскурсия өтті!

Бүгін №8 мектеп-интернатының оқушылары үшін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған тағылымды экскурсия ұйымдастырылды. Балалар уақыт рухын сезініп, халқымыздың тарихы мен мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.

Экскурсия барысында олар «Менің Туым! Менің Елтаңбам! Менің Әнұраным!» инсталляциясын тамашалап, мемлекеттік рәміздердің тарихын білді. «Тәуелсіздік жолы» кітап көрмесінде ел егемендігінің маңызды белестерімен танысып, «Желтоқсан жастары» фотокөрмесінде 1986 жылдың айрықша рухын сезінді. «Қазақстан тарихы — фильмдерде» кинозалында балалар еліміздің қалыптасу кезеңдерін жаңа қырынан көрді.

VR-технологиялар арқылы оқушылар қасиетті орындарға виртуалды саяхат жасап, ал «Ата-Баба дәстүрі - XXI ғасырда» аймағында ұлттық бас киімдерді толықтырылған шынайылық көмегімен киіп көрді. Олар сонымен қатар қазақтың ою-өрнек өнері туралы көбірек біліп, асық, ләңгі, бестас сияқты ұлттық ойындарды ойнады.

«Өзгерген Өскемен» AR-көрмесі балаларға қаланың өткенін және бүгінгі келбетін салыстыруға мүмкіндік берді. Анимациялық студия мен «КомиксКЛУБ» заманауи мәдениеттің тарихты қалай жаңаша жеткізе алатынын көрсетті. «ТехноШЕБЕР» орталығында оқушылар 3D-басып шығарудың мүмкіндіктерімен танысты.

Экскурсияға қатысқан балалар белсенділік танытып, өз елінің тарихы жөнінде тың мәлімет алды. Келіңіздер! Көріңіздер!Қатысыңыздар!

Жаңалықтар
Контактілер