news
Онлайн-кездесу «Жамбыл Жабаев: ұрпақтарды ұйыстырған ақын»

27 ақпан күні кітапханамызда «Жамбыл Жабаев: ұрпақтарды ұйыстырған ақын» атты онлайн-кездесу өтті. Іс-шара қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Шекарасыз оқу» халықаралық әдеби жобасы аясында өткізілді.

Кездесу Ленинградская областная детская библиотека (Санкт-Петербург қ., РФ) ұжымымен бірлесіп ұйымдастырылды. Онлайн-кездесуге РФ-ның Өскемен қаласындағы Россотрудничество өкілінің орынбасары, вице-консул А.А. Дяченко, Оралхан Бөкей атындағы кітапхана директоры Ақжігітова Х.М., ЛОДБ директоры Тарабанова А.В., сондай-ақ Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының басшылығы, мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Кездесуді құттықтау сөзбен ашқан спикерлер Жамбыл мұрасының халықтар достығын нығайтудағы, ұрпақтар сабақтастығын жалғаудағы маңызын ерекше атап өтті.

Іс-шара барысында Жамбылдың әйгілі «Ленинградтық өренім!» өлеңі қазақ, орыс, ағылшын, француз және әзербайжан тілдерінде оқылды. Бір ғана жырдың бірнеше тілде жаңғыруы — поэзияның шекара танымайтын рухани күш екенін айқын көрсетті.

Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушылары ұлы ақынның әдеби мұрасы мен гимназия тарихы туралы мазмұнды баяндама жасады. Кездесу соңында домбырашы оқушылар күй орындап, ұлттық өнердің үнімен шараға ерекше әсер сыйлады.

Ленинградская областная детская библиотека директорының информатизация жөніндегі орынбасары Макаренко С.В. майдангер-жазушыларға арналған электрондық ресурсты таныстырып, Ленинград қаласының белгілі балалар жазушы-майдангерлері туралы мағлұмат берді.

Кездесу қорытындысында қатысушылар алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Осындай тағылымды іс-шараға белсенді қатысқан Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушыларына, сондай-ақ Сланцев және Вырица балалар кітапханаларының оқырмандары мен кітапханашыларына шынайы алғысымызды білдіреміз.

Жаңалықтар
Контактілер