Кітапхана туралы
Өскемен қаласындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының тыңдаушылары үшін Оралхан Бөкей атындағы кітапханада «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» бағдарламасы аясында арнайы іс-шара өтті.






















Мемлекеттік қызметкерлерге кітап ордасында экскурсия жүргізіліп, оның барысында қонақтар жүзеге асырылып жатқан жобалармен, тақырыптық көрмелермен және мәдени-ағартушылық бастамалармен танысты.
Бүгінде кітапхана — дәстүр мен инновацияны ұштастырған, диалогқа, дамуға және кәсіби өсуге мүмкіндік беретін заманауи зияткерлік орталық.
Іс-шараның негізгі бөлімі әдеби шығарманың - көркем сөздің қуатына және оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастырудағы маңызды рөліне арналды. Оралхан Бөкей мен Николай Гогольдің шығармаларына сүйене отырып, тыңдаушылар әдебиеттің ар-ождан, адалдық және адамгершілік таңдау тақырыптарын қалай айқындап ашатынын байқады.
Сабақ барысында «Ревизор» пьесасының желісі талданып, Городничий мен Хлестаков бейнелері арқылы адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің айқын көрінісі ретінде қарастырылды. Көркем фильмнен үзінді көру туындының сатиралық қуатын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Одан әрі қатысушылардың назары О.Бөкейдің «Бес тиын» шығармасына аударылды. Тыңдаушылар адал, принципшіл әрі өз ұстанымына берік пошта меңгерушісі Зәкеңнің бейнесімен танысты. Көркем фильмнен көрсетілген үзінді кейіпкердің мінезін ашып, оның рухани беріктігін тереңірек түсінуге көмектесті.
Іс-шара көркем әдебиеттің тек белгілі бір дәуірдің көрінісі ғана емес, сонымен қатар, әр кезеңде адамгершілік тәрбиенің қуатты құралы екенін айқын көрсетті. Әдеби кейіпкерлердің тағдыры арқылы оқырман жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйреніп, адалдықтың құндылығын түсінеді және әділ қоғамның негізі — сатылмаушылық пен принципшілдікте екенін ұғынады.