Кітапхана туралы





Бүгін Оралхан Бөкей атындағы кітапханамыз үшін ерекше күн болды. Өйткені біз оны ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға — ұлт ұстаздарына арнадық. Қонақтарымыз – КММ «№30 жалпы орта білім беретін мектептің» оқушылары. Олармен бірге біз қазақ халқының мәдениеті, білімі мен қоғамдық ойының дамуына жол ашқан тұлғалардың өмір жолына саяхат жасадық.
Алдымен қазақ баласына заманауи білімнің есігін ашқан ағартушы Ыбырай Алтынсарин жайлы әңгімеледік. Оның «Кел, балалар, оқылық!» деген өсиеті бүгін де жастарды білімге, жарыққа шақырады.
Сондай-ақ ойшыл, ақын, философ Абай Құнанбаевтың мол мұрасымен таныстық. Оның «Қара сөздері» бізге рухани кемелдікке ұмтылуды, адам мен әлемді терең түсінуді үйретеді.
Келесі аялдамамыз – тіл жанашыры, ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Оның еңбектері қазақ жазуының іргетасын қалаған ұлы реформаның бастауы болды.
Біз Әлихан Бөкейханның қызметіне тоқталдық — өз заманындағы көшбасшылардың бірі, бар ғұмырын халықтың азаттығына, мәдениеті мен ғылымының дамуына арнаған мемлекетшіл тұлға.
Сондай-ақ ұлттық сананың оянуына үн қатқан, «Оян, қазақ!» деп халқын серпілткен Міржақып Дулатовтың шығармашылығымен таныстық. Оның шығармалары елге деген сүйіспеншілік пен еркіндік рухын дәріптейді.
Біз жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаған, қайраткер, ақын Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығына назар аудардық. Оның туындылары – ерлік те, жігер де, жаңа дәуірге деген сенім де.
Сондай-ақ қазақ сөзінің әсем әуезін әлемге танытқан, поэзияға дала тынысын сыйлаған Ілияс Жансүгіровтің шығармаларына тоқталдық. Оның өлеңдері – кең дала, жел, өмір, туған жерге деген шексіз махаббат.
Мұндай кездесулер бізге тарихтың — жай ғана өткеннің парақтары емес, тірі тағдырлар, ұлы идеялар, ұрпаққа қалған аманат екенін еске салады. Әсіресе балалар осындай сабақтардан ерекше әсер алып, ұлттық құндылықтарды жүрекпен қабылдайды.
Оралхан Бөкей атындағы кітапханаға келуге шақырамыз!
Бізбен бірге оқыңыз, жаңа дүниені таныңыз, барлық жастағы оқырмандарға арналған тегін бағдарламаларға, көрмелерге, дәрістерге және басқа да іс-шараларға қатысыңыз!