Кітапхана туралы
11 наурыз күні кітапханамызда «Шекарасыз оқу» халықаралық әдеби жобасы аясында Оралхан Бөкей мен Касымалы Баялиновтің әдеби мұрасына арналған «Кітап дипломатиясы» атты онлайн-кездесу өтті. Кездесу Касымалы Баялинов атындағы Республикалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасымен (Бишкек қ., Қырғызстан) бірлесіп ұйымдастырылды. Іс-шараға Шоқан Уәлиханов атындағы №3 орта мектептің басшылығы, мұғалімдері мен оқушылары қатысты.







Қонақтарды Оралхан Бөкей атындағы ОКЖ директорының орынбасары Жиенбекова Ж.М. және Касымалы Баялинов атындағы РБЖК «Россия с вами» бөлімінің меңгерушісі Ашамаев А.А. құттықтау сөзбен қарсы алды.
Бішкек қаласындағы оқушыларға Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы айтылып, BOKEY.KZ электронды кітапханасымен таныстырылды. Сондай-ақ кітапханамыздың қызметі мен Өскемен қаласының оқырмандары пайдаланатын ресурстар жайында ақпарат берілді. Ал Шоқан Уәлиханов атындағы №3 орта мектептің оқушылары Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» шығармасы туралы өз ойларымен бөлісті.
Касымалы Баялинов атындағы РБЖК-нің «Жаштык» бөлімінің меңгерушісі Ольджабаева Г. кітапхана қызметі туралы баяндап, Бішкек қаласындағы №25 мектептің оқушылары Қырғыз Республикасының әдебиетін танытқан жазушылар — Касымалы Баялинов, Чингиз Айтматов және басқа да қаламгерлер туралы мәлімет ұсынды. Сонымен қатар қатысушылар қырғыз халқының «Буранам» атты халықтық аңызымен таныстырды.
Кездесу соңында онлайн-кездесуге қатысушылар алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Өскемен қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №3 орта мектеп пен Бішкек қаласындағы №25 мектеп оқушыларына достық кездесуге қатысқандары үшін алғысымызды білдіреміз.