Кітапхана туралы



Кітапханамызда орнаментолог Жанар Мұратовамен Zoom платформасы арқылы ерекше онлайн кездесу өтті. Рухани кездесуге студенттермен қатар, қашықтықтан қосылған оқырмандарымыз да белсене қатысты.
Жанар Мұратова Т. Жүргенов атындағы академияда «Дизайнер интерьері» мамандығы бойынша білім алған. Жанар ханым соңғы тоғыз жылда ою-өрнекті терең зерттеп, ақпараттар жинап, ізденісте болды.
Ол жай ғана дизайнер емес, төл өнеріміздің — ою-өрнек әлемінің нағыз жанашыры. Қазақ оюының әрбір сызығы мен мағынасын жіті зерттеп, оның байырғы қалпы мен заманауи стильдегі үйлесімін табуда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Ұлттық мұраны ұлықтап, оның дұрыс насихатталуына атсалысып жүрген маманның шығармашылық жолы көпке үлгі. ✨
Кездесу барысында біз ұлттық ою-өрнегіміздің тылсым әлеміне үңіліп, көкейдегі көптеген сұрақтарымызға тұшымды жауап алдық. Жанар ханым ең әуелі «ою» мен «өрнек» ұғымдарының ара-жігін ашып берді. Әсіресе, «құстұмсық» пішінді жүзікті тұрмыстағы әйелдер тағатынын, оны «құсмұрын» оюымен шатастырмау керектігін ерекше атап өтті.
«Құсмұрын» оюын сырмақта, текеметте және киімдерде қолдануға болатынын білдік. Тіпті, ата-бабамыздың текемет пен кілем бетіне салған әр ою-өрнегін оқуға болатынын біліп, таңдай қақтық.
Сонымен қатар, орнаментолог маманмен бірге ұлттық мұраны заман талабына сай насихаттау жолдарын да талқыладық. Кездесу соңында әр қатысушы қазақ оюының қасиетін терең сезініп, рухани азық алып қайтты.