news
Кітап ордасында Амал күні ерекше аталып өтті

Наурызнама онкүндігі аясында Оралхан Бөкей атындағы кітапханада Наурыз мерекесі ауқымды іс-шаралармен аталып өтуде. Әр күнгі шараларды ұйымдастыру барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылуда.

Бүгінгі Амал күні «Кел, сөйлесейік!» жобасы аясында қазақ тілін үйреніп жүрген ересектер мен балалар кітап ордасында бас қосып, көрісу рәсімін өткізді. Қатысушылар бір-біріне Наурыз мерекесіне арналған жылы лебіздері мен ақ тілектерін білдірді.

Сонымен қатар бұл күні тіл үйренуші оқырмандар үшін қызықты интеллектуалдық ойын ұйымдастырылды. Қазақ тілін меңгеріп жүрген өскемендіктер ойын барысында өз білімдерін шыңдап, ой-өрістерін кеңейтті. Әсіресе жасөспірімдер ерекше белсенділік танытты.

Қатысушылар өз өнерлері мен білімдері арқылы қазақ тілін меңгеру деңгейлерінің жоғары екенін көрсете білді.

Шара барысында тіл үйренуші оқырмандар көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, естелік сыйлықтарға ие болды.

Өскемен тұрғындарын «Кел, сөйлесейік!» жобасына қатысып, қазақ тілін бірге үйренуге шақырамыз.

Жаңалықтар
Контактілер