КІТАПХАНАМЫЗДАҒЫ ҒЫЛЫМ КҮНІ

Кезекті интеллектуалды сенбілікте кітапхана оқырмандары Қазақстанның тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың туғанына 125 жыл толуына орай  «БОЛАШАҚ  СӘТБАЕВТАР: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ»  байқауында  жастардың заманауи  технологиямен жүзеге асырған үздік  жұмыстарымен танысты. Естеріңізге сала кетейік, жастарды  ғылымға ынталандыру бағытындағы шараға 30-ға жуық  талапкер ұл-қыздар қатысқан еді. Бірінен бірі асып түсетін ғылыми жұмыстар күні ертең-ақ жалпақ жұрттың игілігіне айналары сөзсіз.

Сонымен қатар көрермендеріміз «Қазақстанның Ядролық қоғамы» бірлестігі  «Атом  технологиялары жөніндегі  ақпарат орталығының»  басшысы  СЕЙІТ  ӘЛИЕВПЕН  кездесіп, атом ғылымы туралы танымдық сұхбатқа куә болды, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.   

Кітапханамыздың «ЖАСЫЛ ҮЙ» экологиялық орталығының эко-еріктілері, ШҚУ-дың химия факультетінде білім алып жатқан жас ғалымдар Бахытқызы Ақбота мен Берік Диас көпшілік алдында өздерінің зертханалық жұмысын жасап, күнделікті тұрмыста таза ауыз су мен хлорланған судың адам ағзасына келтірер пайдасы мен зиянын көрсетті.  

Шара соңында ата-анасына еріп келген кішкентай оқырмандарымыз «Планетарий» күмбезінде ғарышқа саяхат жасап, әрбір планетаның атын атап, түсін түстеп мәз-мейрам болды.

Осымен біздің сенбілік ғылым апталығымен аяқталды.

Ғылыммен айналысатын және ғылыми бағыттағы алғашқы қадамдарын жасап жатқан әр адамға мол табыс пен жақсы жаңалықтар тілейміз! Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Еліміздің арқа сүйер тұлғасы болу үшін ғылым-білімге құштар, сауатты, жан-жақты болуымыз керек. Оқиық, білейік, жеңейік!

Новости филиалов