news
Оралхан Бөкей атындағы кітапханада — Мемлекеттік қызметкерлерге арналған шешендік өнер сабағы

Сөз — адам рухының айнасы.

Ел алдында жүрген мемлекеттік қызметкердің әрбір сөзі — халықтың сенімін, мәдениетін және болашағын бейнелейді.

Бүгін Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада мемлекеттік қызметкерлерге арналған шешендік өнерге үйрету сабағы өтті.

Іс-шара екі бөлімнен тұрды:

Бірінші бөлім – «Кітаптың шешендік өнерді дамытудағы рөлі» тақырыбында өтті.

Бұл бөлім интерактивті пікірталас форматында ұйымдастырылып, оған арнайы «Шешендік өнер – бабадан жеткен даналық» атты кең көлемді кітап көрмесі ұсынылды.

Көрменің басты ұраны –

- «Шешен сөйлеу – дауды шешіп, жауды тоқтатқан!»

- «Шешен сөйлей білу – ақыл мен парасат белгісі!»

Көрмеде халқымыздың шешендік дәстүрінің бастауы болған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды дана билердің өмірі мен мұрасына арналған еңбектер қойылды.

Олар сөз құдіреті арқылы ел ішіндегі дауларды шешіп, тіпті жау шапқыншылығын тоқтатқан, ел бірлігін сақтаған ұлы тұлғалар ретінде дәріптелді.

Сондай-ақ көрме барысында дала шешендерінің даналық нақылдары мен тарихи мысалдары айтылып, қазіргі замандағы шешендік өнердің маңыздылығы талқыланды.

Қатысушыларға риторика, сөз мәдениеті, көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі бойынша жазылған заманауи кітаптарға да шолу жасалды.

Екінші бөлім – «Қазіргі заманғы кітапхананың жасанды интеллектіні дамытудағы мүмкіндіктері мен ресурстары» тақырыбында өтті.

Бұл бөлім тренинг және мастер-класс форматында ұйымдастырылып, қатысушыларға кітапхананың инновациялық бағыты таныстырылды.

Мамандар жасанды интеллектіні (ЖИ) кәсіби қызметте қолданудың нақты тәсілдерін көрсетті:

– мәтіндер мен ресми сөйлеу сөздерін құрастыру және редакциялау,

– презентациялар әзірлеу,

– әлеуметтік желілерге арналған қысқа, әсерлі посттар жазу,

– сондай-ақ ЖИ-дің жалпы мүмкіндіктерін – мәтінмен, суретпен, аудармамен және бейнемен жұмыс істеу қабілеттерін іс жүзінде таныстырды.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің сөйлеу мәдениетін жетілдіру, халықпен тиімді коммуникация орнату дағдыларын арттыру, және заманауи технологияларды кәсіби салада сауатты пайдалану болды.

Шешендік — тек сөз шеберлігі емес, ол — парасат пен мәдениеттің көрінісі.

Осындай бастамалар мемлекеттік қызметтің беделін арттырып, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтады.

Оралхан Бөкей атындағы кітапхана ынтымақтастыққа әрдайым ашық және түрлі бағыттағы оқыту мен мәдени іс-шараларды өткізуге өтініштеріңіз бен ұсыныстарыңызды қуана қабылдайды!

Жаңалықтар
Контактілер