news
«Орталық Азиядағы рухани мұра және ағартушылық» Конгресінің бағдарламасының жалғасы Сүлейменова Арайлым үшін алдыңғы күндердей мазмұнды да, есте қаларлық та болды.

Таңғы бағдарлама Өзбекстан Республикасы Өнер академиясының Хамара және Бас павильонын аралаудан басталды. Қатысушыларға өзбек бейнелеу өнері, дизайн және қолданбалы шығармашылықтың көпғасырлық дәстүрлерін қамтитын бай көркем мұра ұсынылды. Экскурсия өңірдің көркемдік мұрасын тереңірек тануға және оның қазіргі даму бағыттарын түсінуге мүмкіндік берді.

Бағдарламаның келесі бөлімі Алишер Науаи атындағы Ұлттық кітапханада жалғасты. Делегаттар кітапхананың қорымен, инновациялық цифрлық сервистерімен, сондай-ақ Өзбекстанның кітапхана ісін дамытуға және қолжазбаларды сақтау ісіне бағытталған жобаларымен танысты. Бұл Арайлым үшін ерекше маңызды болды, себебі ол Қазақстанның кітапхана саласын таныстырып, әріптестерімен кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Күннің екінші жартысында Конгрестің атмосферасы ерекше салтанатқа бөленді. Ташкентке Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан президенттері, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёев келді. Жоғары мәртебелі қонақтар Ислам өркениеті орталығында өткен «Келажак мероси» халықаралық сыйлығын табыстау рәсіміне қатысты.

Аталған сыйлық әдебиет, өнер, ғылым, мәдениет және цифрлық технологиялардың дамуына елеулі үлес қосқан шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін қолдау мақсатында тағайындалған. Алғашқы байқаудың лауреаттары – Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның көрнекті қайраткерлері.

Конгресс мәдени және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және өңір елдері арасында жаңа бастамалар қалыптастыруға арналған маңызды алаңға айналды. Бұл шара барлық қатысушылар үшін кәсіби көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, Орталық Азияның рухани және мәдени мұрасының ортақтығын сезінуге мүмкіндік берген маңызды оқиға болды.

Жаңалықтар
Контактілер