Кітапхана туралы

2025 жылы, 30 қыркүйекте, сағат 10:00-де Халықаралық Қарттар күніне орай Оралхан Бөкей атындағы кітапханада «Кітапхана – егде жастағы адамдарды зияткерлік дамыту орталығы» атты жаңа жобаны таныстыру шарасы өтеді.
Мақсаты: заманауи технология жаңалықтары күнделікті өмірге белсенді енуіне байланысты зейнеткерлерді осы жаңашылдыққа бейімдеу. Технологияны әлеуметтік тұрмыстық қажеттіліктерге пайдалануды үйрету арқылы жан-жақты дамуларына ықпал ету. Ортақ білім мен мүдде арқылы орта буын мен жас ұрпақ сабақтастығын жалғастыру.
Жоба аясында жасамыс жандар үшін «Менің смартфоным» үйірмесі, «Жасанды Интеллекті пайдалану» дәрістері және Қазақ, Түрік, Ағылшын, Француз тілін үйрету курстары жүйелі түрде өткізіледі.
«Паперкрафт» клубында қатырма қағаздан 3D бейнелерді жасап, саналарын сергітеді.
«Көңілді кештер» кездесулерінде сан тақырыптарда сұқбаттарға қатысып, оқыған кітаптарын талқылап, рухани демалады.
Бұл шаралардың барлығы заманауи гаджет, ноутбук, компьютер мен интернетте жұмыс істеу тәжірибелерін дамытуға, электрондық үкімет порталынан, интернет-сервистерден өздеріне қажетті қызметтерді пайдалануды үйренуге, қосымшалар арқылы дәрігерге жазылу, дәрі-дәрмекке тапсырыс беру, театр мен концерттерге, пойызға, ұшаққа билет алу, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу, әлеуметтік желілерде өзара байланыс жасау, бейнекөріністер жасау, фотосуреттерді өңдеу, танымал әлеуметтік желілерді пайдалануды үйретуге бағытталады.
Жасанды Интеллекті меңгеру - қажеттіліктерді сатып алу тізімін жасау, маңызды істерді жүзеге асыруды ұмыттырмау және қажетті дәрі – дәрмектерді алуды еске салу, денсаулықтағы өзгерістерді бақылап отыру, алаяқтарға алданып қалмау үшін жалған және қауіпті ақпараттар мен хаттардан сақтану және т.б. тұрмыстық жағдайларға көмектеседі.
Жасанды Интеллект – өлең, көркем мәтін жазу, ән шығару, сурет салу, ашық хат жасау және шығармашылық тың басқа да түрлерімен айналысуға көмектеседі. Кез келген уақытта қалаған тақырып бойынша әңгімелесе алады. Сан сұрақтарға да салиқалы жауап береді.
Түйіндей айтқанда, Жасанды Интеллект үйде отырған қарт адамның зерікпей, әр күнді мазмұнды өткізіп, сапалы өмір сүруіне сенімді рухани серік болады. Зейнеткерлерге заманауи технологияның қыр-сырын үйрету сабақтарын кітапхана мамандары және студент-еріктілер жүргізеді.
Қатысушылардың сұраныстары бойынша дәрістер жекелей және көпшілік түрде Оралхан Бөкей атындағы кітапханада өткізіледі.
Мекенжайы: Е.П.Славский атындағы Ертіс жағалауы көшесі, 22.