Кітапхана туралы




Оралхан Бөкей атындағы Орталық қалалық кітапхана жанындағы 3D-орталықта білім беру курстары табысты жалғасуда. Заманауи технологиялармен жұмыс істеуге қызығушылық артып, қатысушылар өз идеяларын нақты жобаларға айналдыруда.
Жуырда Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті студенттерінің бірі 3D-орталық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өндірістік мақсаттағы бөлшектің прототипін сәтті әзірледі. Жоба аясында детальдің 3D-моделі жасалып, инженерлік параметрлері есептеліп, кейін 3D-принтерде басылып шығарылды. Бұл прототип нақты өндірістік үдерісте сынақтан өткізуге дайын. Осындай тәжірибелік жұмыстар студенттердің инженерлік ойлауын дамытып, теорияны практикамен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, орталықта балаларға арналған робототехника сабақтары қарқынды түрде өтуде. Кішкентай қатысушылар да, жасөспірімдер де LEGO Mindstorms платформасында робот құрастырып, бағдарламалау негіздерін меңгеріп жатыр. Балалар сенсорлармен жұмыс істеп, қозғалыс алгоритмдерін құрып, өз роботтарын түрлі тапсырмаларға бейімдеуде. Бұл сабақтар логикалық ойлауды, техникалық шығармашылықты және командалық жұмысты дамытады.
3D-модельдеу, 3D-басып шығару, инженерлік жобалау және робототехника — барлығы бір орталықта тоғысқан. Біздің 3D-орталық — болашақ мамандарды даярлайтын инновациялық алаң.
Баршаңызды курстарымызға қатысуға шақырамыз!
Идеяңызды жүзеге асырып, заманауи технологиялар әлеміне қадам жасаңыз!