news
ЖӘДИ ШӘКЕНҰЛЫ – БІЗГЕ ҚАЗЫНА СЫЙЛАДЫ!

Бүгін кітап ордамыздың рухани қоры байлыққа кенелді.

Белгілі  ақын-жазушы және тарих зерттеушісі ЖӘДИ ШӘКЕНҰЛЫМЕН  тарихи-танымдық кездесу болды.

Жүздесу басында алғы сөз алған  тарихшы-ұстаз  ҚАБЫШ  БАЛТЕКЕНОВ  жазушының  «ХАНЗАДАНЫҢ  ӨЛІМІ»  атты  кітабы  туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Жарық  көргеніне санаулы күндер ғана болған жаңа туындыны оқып, көңіліне  тоқығанын  зерделей айтқан  тарихшының әңгімесінен қатысушылар қазақтың  бағзы заманына  саяхат жасағандай болды.

Осыдан кейін  көкірегі шежіре  тұнған  зерттеуші ғалым ЖӘДИ ШӘКЕНҰЛЫ  сұқбатты сабақтады.  Шыңғыс  ханнан Тәуекел, Ораз-Мұхаммедке дейін; Тұғырыл ханнан Тайбұға, Сейдаққа дейінгі  қаһарман тұлғалар  туралы «ҚАН КЕШКЕН ХАНЗАДАЛАР» атты жаңа кітабын таныстырды.  Тағылымды  әңгімесімен  тарихтың беймәлім парақтарын ашты. Сан  жылдар  бойы  мұрағатта көз майын тауысып, зерттеп - зерделеген   басқа да тарихи еңбектері туралы әңгіме өрбітті.  

Өз кезектерінде  жастар да  көкейлеріндегі сан  сұрақтарын қойып, ұлтымыздың өткені туралы білімдерін  байытты.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының, ҚР Тарих және Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі ЖӘДИ ШӘКЕНҰЛЫ  кездесу мәресінде «ҚАРАЛЫ КӨШ», «ХАНЗАДАНЫҢ ӨЛІМІ», «БОЗМҰНАР», «МЕРКІТТЕРДІҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ», «ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ӘДЕБИЕТІ» атты  тарихи  құнды  кітаптарын  кітап ордамызға тарту етті.

Құрметті Достар, бұл кітаптарды біздің кітапханамыздан алып оқуды ұсынамыз!

Мекенжайымыз:

Оралхан Бөкей атындағы кітапхана

Славский атындағы Ертіс жағалауы, 22  

Жаңалықтар
Контактілер