Кітапхана туралы








Өскемен қаласындағы балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 7 сынып оқушылары танымал ақын, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың шығармашылығымен танысты.
Қазақстанның халық жазушысы Ә. Сәрсенбаев қазақ әдебиетіне ғана емес, ұлттық баспа саласына да үлкен үлес қосқан тұлға.
Бес жыл көлемінде екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майдан көрген ақынның поэзиясы жаңа сатыға көтерілді. Жыры ойлы, салмақты санаға толысып, лирикалық сыршылдығы тереңдей түсті, «Офицер күнделігі», «Жауынгер монологы», «Батырлардың ізімен» кітаптары дүниеге келді.
Әбу Сәрсенбаев жаратылысынан ақын болғанмен, проза саласында да елеулі еңбек еткен, драматургиямызға да үлес қосқан. Бұл кісінің «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» атты оқушы қауымға кең тараған үлкен романдары соның айғағы.
Әбу Сәрсенбаевтың балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі де үлкен. Ақынның сезімтал сыршылдығы мен адамгершілік үлкен мейірімі балалар үшін жазған жырларына да сәулесін түсіріп, ерекше жылылық құяды.
Жазушының өмір жолы, шығармашылығы хақында түсірілген бейнефильм көрсетілімі мен жария етілген деректерге жасөспірімдер асқан қызығушылық танытты.
Оқушылар, сонымен қатар, кітап ордасына саяхат жасап, ІТ саласында көрсетілетін қызметтермен танысты.